Friday, December 7, 2007

Студенттік жылдардың кезеңдері
Студенттік жылдары эмоциялық қобалжуларға себеп болатын тұлға аралық қатынастар да өзгереді. Олардың бойында түсінісуге, қобалжуларға ортақтасу, ашық әңгімелесіп, сырласуға, қарым-қатынастардың сенімді болуына деген сұраныс ұлғаяды; құрбыларымен араласудың, қарым –қатынас жасаудың маңызы арта түседі және бұл тұлға дамуының жетекші факторларының біріне айналады.
Студенттің әр курстағы даму ерекшеліктеріне тоқтала кетейік.
Бірінші курсқа келген жасөспірім алдында ұжымдық өмірдің студенттік формаларына бейімделу міндеті тұрады. Оның әрекеттері конформистікпен ерекшеленеді; оның бойында әр ортаға сәйкес рөлін бөліп айыру қабілеті болмайды.
Екінші курс – студенттердің оқу әрекетіндегі ең күрделі кезең. Олардың өмірінде оқу мен тәрбиенің барлық формалары қарқынды жүзеге асады; екінші курс студенттері жалпы дайындықтан өтеді, олардың бойында мәдени қажеттіліктер мен сұраныстар қалыптасады. Студенттің жаңа орта мен қалыпқа бейімделу процесі негізінен осы кезеңде аяқталады.
Үшінші курс – маманданудың бастауы, студенттің ғылыми жұмыс пен ізденіске деген қызығушылығының артуы - кәсіби қызығушылықтарының дамуы мен тереңдеуінің көрінісі. Өз мамандығына тиянақты бейімделу қажеттілігі кейде тұлғаның басқа да қызығушылықтары аясының тарылуына әкеліп соғады. Студент тұлғасының жоғары оқу орнында қалыптасуына мамандығының тигізетін ықпалы үлкен болады.
Төртінші курс –тәжірибеден өту барысында мамандығымен жақын танысу кезеңі. Студентке бұл сатыда мамандығына сәйкес оңтайлы тәсілдер мен формаларды қарқынды іздеу қасиеті тән, өмірі мен мәдениеттің көптеген құндылықтары қайта бағаланады.
Бесінші курс – оқудың аяқталуы - келешекте айналысатын әрекет түріне сәйкес нақты тәжірибелік қағидалардың қалыптасатын кезеңі. Материалдық, жұмыс орнымен және отбасылық жайдайына байланысты жаңа құндылықтар пайда болады. Студенттер біртіндеп, жоғары оқу орны өмірінен алыстай бастайды. Сонымен, студенттердің жас ерекшеліктерін, олардың жалпы әлеуметтік дайындық деңгейін ескеру арқылы, осы кезең ерекшелігін студенттердің танымдылық белсенділігін арттыруға пайдалануға болады. Бұл келешекте студенттің жауапкершілігі мен кәсіби дайындық деңгейін қамтамасыз ететін жетекші механизмдердің бірі болып табылады.

No comments: